АР-ҰЖДАН – АДАМДЫҚ ӨЛШЕМІ

сенби

Елдің бірлігін арттырып, ынтымағын жарастырып жүрген жандар арамызда баршылық. Сондай азаматтың бірі – Серік Мұсабай. Ол «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі ретінде игілікті істердің ұйытқысы болып жүр. Ел ағасын қос бірдей мереке– Халықаралық қарттар және мұғалімдер күні қарсаңында «Сенбілік сұхбаттың» алаңына шақырған едік.

– Адамның ұстанымы жастық шағынан қалыптасады десек, сол кездердегі өмірге деген көзқарасыңыз қандай еді?
– Ең бірінші, сапалы білім алуға тырыстым. Сондай-ақ, спортты серік еттім. Әсіресе, бокс және жеңіл атлетикамен шұғылдандым. Кеңес әскері қатарында азаматтық борышты өтеген кезімде «писарь» болдым. Әрине, бұған білімділік пен спортқа бейімділігім әсер еткені сөзсіз.
Шымкент кәсіптік техникалық училищесін оқып, оны үздік бітірдім. Сосын Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумында өндіріс шебері мамандығын алдым. Қай жерде, қандай ортада болсын еңбекке адалдықтың арқасында абыройлы болдым. Еңбек жолымды №53 А.Романов атындағы мектептің еңбек пәні мұғалімі болып бастадым. Мені аудандық білім бөлімінің басшысы Махсұт Ибрагимов қызметке қабылдап, сәттілік тілеген еді. Осы білім ордасында жүріп, комсомол ұйымының хатшысы болып, қоғамдық қызметке араластым. Арада көп уақыт өтпей-ақ, аудандық партия комитетінің келісімімен алғаш рет «Қайрат» ерікті спорт қоғамына төраға болып сайландым. Жаңадан құрылған қоғамның мүшелері тынымсыз жаттығып, облыстық жарыстарда жүлдегерлер қатарында көрініп жүрдік. Кейін ауылдардан спорт методисі штаттарын ашуға ұйытқы болдым. Сол кездегі волейболшылар Аман Ибрагимов, Тұрсынхан Мәмбетов, Балғабай Жанәділов елге шеберлігімен таныла бастаған еді. Кейін 1986 жылы «Горняк» орыс мектебінде үйлестіруші ұстаз, екі білім ордасы біріккен №53 орта мектебінде қоғамға пайдалы еңбекпен үйлестіруші қызметін атқардым.
Жоғарғы сынып оқушыларының бос уақытында еңбекке араластырып, қаржы табуына жұмыс істедім. Осы жылдарда мектеп оқушыларының арасында жүргізген сараптама қорытындысымен «Әділ мұғалім» номинациясын иелендім. Қоғамдық жұмыстарға көп араластым. Соның бірі Президент сайлауының екі рет сенімді өкілі болып, жұртты бағдарламаларымен таныстырдым. Елбасының «Құрмет грамотасымен» екі рет марапатталдым.
– Үнемі сергек жүресіз. Оның құпиясы неде?
– Спортпен айналысамын. Дегенмен шаңырақтың шаттығы болмаса, тыныштық орнамаса денсаулыққа кері әсер етеді. Шынын айтқанда отбасы берік болмай, тіршілікте мән болмайды. Бағыма орай Сәрсенкүлдей өмірлік серігім кездесіп, 2 ұл, 3 қыз өсірдік. Олардан 20 немере сүйіп отырмыз. Қолымда 5 немерем бар. Солардың тәтті қылығы, ата деп еркелегені жүректі елжіретіп, бойыма сергектік сыйлайды.
Немерелеріме ертіп жүріп 300 түп жеміс ағашы мен 50 жүзімді ектім. Бүгінде олардың күтіміне өзім ерекше мән беремін. Екінші жағынан белсенді еңбек адамды сергек етеді екен.
– Отбасыңыз жайлы тоқтала кетсеңіз…
– Менің әкем елге сыйлы ұстаз, мектеп директоры болған. Мен де ардагер ұстазбын. Қыздарым – Айжан, Сандуғаш, Алтыншаш мектепте дәріс береді. Ұлым Ербол да «Тау самалы» лагерінде әдіскер, келінім Нағима Шәдібекова №110 мектеп-лицейінде программист. Үлкен немерем Назерке осы мамандықты таңдап, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алуда. Ұлым Олимпбек Ұлттық Қауіпсіздік саласының қызметкері.
– Жалпы, үлкендер жастарға мін айтып, көңілі толмай жатады. Сіздің жастарға көзқарасыңыз қандай?
– Бүгінгінің жастары көкірек көзі ояу, заманауи техника тілін меңгерген, нарықтық қатыныстарға бейімделген, уақыт бәсекесіне қабілетті. Жаңақорғанның жастары білім сайысында, спорттық аламандарда, мәдени-рухани додаларда олжалы оралып, биік нәтижелер көрсетіп жүр.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласынан не түйдіңіз?
– Елдің түп қазығы, келешектің негізі болып саналатын стратегиялық құжатта айтылған жайлар ойландырмай қоймайды. Елбасы мақаласын зер қойып оқыған адам руханиятсыз елдің дамуы мүмкін емес екендігін түсінеді. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, білім салтанат құрмайынша іс өнбейтіні айталған. Дамыған 30 елге қосылу үдесі, тарихи-қасиетті жерлерді қастерлеу, «100 жаңа есім», латын әліпбиіне көшу секілді маңызды қадамдар айтылған. Мұның алғашқы сатысы басталды.
Ұлттық рухты асқақтату жолында әрбір қазақстандық өткенімен мақтанып, келешегіне сеніммен қарауы тиіс. Ол үшін жастардың тарихи санасын оятуымыз қажет. Сонда ғана Абылай мен Кеңесары ханның үш жүздің басын біріктірген ерлігін, Бөгенбай, Қабанбай, Көкен мен Желкілдектің батырлық рухын, Марқасқа, Ақтамберді, Үмбетай және Бұқар жыраудың жалынды өсиетін тереңінен түйсініп, жаһандану үрдісіне жұтылмаймыз. Міне, көреген Көшбасшы осыны меңзепті.
– Демек, рухани жаңғыру арқылы «Мәңгілік Ел» тұғырнамасын қазығына нық қондыруға болады ғой!
– Әрине, Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынып қана қойған жоқ, оған баратын жолды көрсетті. Жалпы, бұл идея ғасырлар бойы бабадан аманат болып келген «ұлттық меннің» нақышы. Күлтегін мен Тоныкөк те осыны мұрат етіп, тасқа түрік жұрты мәңгі өмір сүруі тиіс екенін қашап жаздырды. Керей мен Жәнібек хан Алаштың туын тіккенде, Қасым мен Есім хан атқа қонып, елдің берекесін арттырудың қамын жегенде мәңгілік өмір сүрудің жолын іздеді. Сондықтан, біз аманатқа қиянат жасамау үшін уақыт талабына сай бейімделіп, әлемде өз орнымызды таба білуіміз қажет.
– Алда ұстаздар қауымының ұлық мерекесі…
– Ұстаз болу ең қадірлі, ең ұлы мамандық. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген тәмсілдің жүгін көтерген жандарды елеулі күнімен құттықтаймын.
– Бүгінгі ұстаз бейнесіне көңіліңіз тола ма?
– Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі» депті. Осы үдеден шығатын мұғалімдер де бар, шықпайтыны да бар.
– Ал, жақсы ұстаз болуы үшін не істеу қажет?
– Орыс ақыны Владимир Маяковский айтқандай, ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек. Яғни, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін ізгі адам болғаны игі. Сонда ғана заманауи талаптарға тез бейімделіп, жастарға сапалы да саналы білім бере алады.
– Ұрпақ тәрбиесінде неге мән бересіз?
– Үнемі ар-ұждан – адамдық өлшемі екенін айтып, досқа адал, ағайынға сыйлы болыңдар деймін. Білімді, білікті болуы үшін сабақтарын қадағалап отырамын. Жалпы, бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіруге тырысамын.
– Келелі әңгімеңізге рақмет!

Тілдескен Мақпал ПАТЕНОВА.

Көрудің саны: 188  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру